Әйелдің тән сұлулығын пайдалану және оның кинодағы рөлі. Male Gaze туралы айту неліктен маңызды?

«Өнер өмірді көшіруге міндетті ме?»


20/10/2023
13:19 13605 0

 

Male gaze – «еркектік көзқарас» деген мағынаны білдіреді. Бұл феминистік кино теориясындағы негізгі ұғым. Әйелдің тән сұлулығы ғана маңызды болып, әйел объект ретінде көрсетілген фильм «еркектік көзқарас» арқылы түсірілген фильм болып есептеледі. 

«Male gaze» ұғымының өзгеше сипат алып, қарқынды дамуына септескен адам – Лаура Малви. Ол 1975 жылы «Виртуал ләззәт және нарратив кино» деген эссе жариялап, терминнің көпшілікке танымал болуына өз әсерін тигізді. 

Әйелді субъект ретінде емес, объект ретінде қабылдау ғасырлар бойы өзгермеген үрдіс болды. Бұл үрдіс әдебиетте де, кинода да, сурет өнерінде де байқалды. Сурет өнеріндегі әйелдің жалаңаш денесі бейнеленген картиналар, әдебиеттегі ер адамды толықтырушы ғана болған әйел кейіпкерлер, кино өнеріндегі әйелдің тәні маңызды рөл атқарған сахналар – Male gaze теориясының пайда болуына түрткі болды. 1972 жылы Джон Бергер «Көру өнері» атты еңбегін жариялады. «Male gaze» термині алғаш рет осы еңбекте қолданылды.

Male gaze ұғымы Лаура Малвидің «Виртуал ләззәт және нарратив кино» еңбегінде толықтай ашылды. Ол бұл еңбекте психоанализге сүйеніп фильмдегі әйелдерге деген қарым-қатынасты талқылайды. 

Киносыншы көптеген фильмнің ер адамның ләззәті үшін ғана түсірілетінін дәлелдеді. Лаура Малви «Виртуал ләззәт және нарратив кино» еңбегінде «Сексуал теңсіздікке құрылған көру ләззәті актив (ер) пен пассив (әйел) болып бөлінеді» деген тұжырым келтіреді. 

Патриархалды қоғам орнаған мемлекеттерде көптеген фильмдер «еркектік көзқарас» арқылы түсіріледі. Бұл фильмдерде ер адам өте белсенді және негізгі образдарды сомдайды. Осындай туындыларда әйелдер пассивті образдар сомдап, сюжетті жетілдіруші ғана болады. 

Лаура Малвидің «Актив пен пассив» тұжырымының мәні – осы.  «Еркектік көзқарас» арқылы түсірілген туындыларда ер адам әрқашан жетістікке жетеді, әйел осы жетістікке жету жолындағы құрал ретінде ғана көрсетіледі. 

Осы уақытта комедия жанрында түсірілген фильмдерде әйелді үй қызметшісі ретінде репрезентациялау басым екенін байқаймыз. MediaNet жүргізген сауалнама бойынша 93% қазақстандық отбасыда тамақ дайындау әйелдердің мойнында екенін айтқан. 

Әйелді тұрмыс-тіршілікке байламау туралы сөз болғанда режиссерлер «Шынайы өмірді көрсетеміз» деп ақталады. Осы тұста киносыншы Әсия Бағдәулетқызына «Өнер өмірді көшіруге міндетті ме?» деген сауал қойдық.

– Кино қоғамның айнасы ғана емес, қоғамдық мәдениеттің белсенді қалыптастырушысы. Британдық режиссер Тоби Хейнстің «Брексит. Жабайы соғыс» деген телевизиялық саяси  драмасы бар. Сонда ірі саясаткерлер қызу сайлау кампаниясы кезінде де ас пісіріп, бала-шағасына тамақ беріп, отбасындағы жауапкершіліктерін қатар атқарып жүреді. Оған акцент де қойылмайды, жай ғана, сөз арасында көрсетіледі, өйткені расында да мұны табиғи нәрсе деп есептейді. Бізде маңызды саяси қызмет түгілі үйде жұмыссыз жатқан кей ер адамдар әйеліне болысу үшін саусағының ұшын қимылдатуды ар көреді ғой. Бірақ бұл түсінік өзгермейтін, қатып қалған дүние емес. Англияда қоғам санасы қалай өзгерді? Тұрақты түрде халықтың көзін ашу мен тәрбиелеу арқылы. Нәсілшілдікке қарсы, империализмге қарсы түсініктерді, қоршаған ортаны қорғау, оның ішінде қоқысты қайта өңделетін және өңделмейтін деп бөліп шығару сияқты әдеттерге дейін тұрақты түрде кино, жарнама, телевизия, газет пен журнал, т.б. арқылы қайталау арқылы сіңірді. Солайша, жаңа ұрпақ үшін ол нормаға айналды. Бала көтеру мен емізуден басқаның бәрі әйелге «табиғатынан тән» ал ер адамға «табиғатынан жат» емес. Қоғамдағы гендерлік рөлдер ешқандай да табиғи, органикалық, не биологиялық процестер емес. Олар әлеуметтік, мәдени конструкциялар. Яғни, адам қолымен, саналы таңдауымен жасалады. Соны есте ұстауымыз керек, – дейді киносыншы.

Киносыншыдан «Male Gaze туралы айту неліктен маңызды?» деп сұрадық.

– Молви психоаналитикалық теорияға сүйене отырып мынаны түсіндірді: біздің «кино» деп жүргеніміз әлемге ер адамның көзімен қарау екен, әдемілік деп жүргеніміз әйелге ер адамның көзімен сұқтану екен, т.т. Осы сынның әділдігін мойындағанда Голливудтың келбеті біртіндеп өзгере бастады. Әлі де әйел репрезентациясы түбегейлі өзгерген жоқ, бірақ алға жылжу бар. Тура солай, қазақ киносында да саналы түрде дүмпу болуға тиіс. Әйелге қатысты қоғамдағы дискурс өзгеріп келе жатқанын байқаймыз, енді киноиндустрия соған сай туындылар әкелуі керек. Мұндай категорияларда ойланудың тағы бір маңызы, жоғарыда айтқандай, біз кино арқылы қоғамдағы статус квоны сақтаймыз, не жаңа түсініктерді сіңіреміз я өзгертеміз. Яғни қазіргі қазақ қоғамындағы әйел теңсіздігіне бір есептен қазақ киносы да жауапты. Кино әйелге объект деп қарай беретін болса, көшедегі, сыныптағы, жұмыстағы, тіпті отбасындағы харассмент пен абюз де ешқашан азаймайды. Шын мәніндегі теңдікке ұмтылатынымыз рас болса, мұндай тақырыптар көбірек талқылануы тиіс, – дейді Әсия Бағдәулетқызы

Автор: Жәнібек ҰЛЫҚБЕКҰЛЫ

Поделиться

Нет комментариев.

20/10/2023 13:19
13605 0

Уведомление